19328590

2017 жылдың 31 қазан күні ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – өркениетке жол» атты  «дөңгелек үстел»  отырысы болып  өтті.

«Дөңгелек үстел» отырысының мақсаты – рухани жаңғыруымыздың темірқазығына айналған  латын әліпбиінің қабылдануына байланысты  пікір алмасу. Жаңа қабылданған латын графикасы турасында қоғамдық пікір қалыптастыру,   маңыздылығы туралы ақпарат беру.

Шара  барысында   С.Аманжолов атындағы ШҚМУ доценті Айтмұқашқызы Аида «Қазақ әліпбиінің өзекті мәселелері» атты баяндамасында жаңадан ұсынылып отырған апостроф нұсқасы бізге жат емес, 1912 жылдан бастап төте жазуда да қолданылған дей келе, 2025 жылға дейін латын әліпбиінің нұсқасы бірізденеді деген пікір айтты. Ал ф.ғ.к., Слямбек Қалибекұлы «латынға көшуде 3 мәселенің бар екендігін  айтып өтіп, елдігіміздің белгісі – латын әліпбиіне көшу қажеттілігінде деген ой айтты. Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Берік Кәдірұлы заманауи жастардың жаңа графиканы тез үйреніп кететіндігі сөзсіз деген пікір танытты.

         Жаһандану мен жаңғырудың алғышарттарының бірі болып табылатын латын әліпбиі туралы сөз қозғалып,  ел болашағы үшін қабылданған маңызды шешім жаңа латын графикасы жайлы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері өзара ой бөлісті. 

Аталмыш шараға ЖОО ғалымдары, оқытушылар, медицина саласындағы мемлекеттік тілге жауапты мамандар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері,  қоғамдағы белсенді азаматтар қатысты.

 

 

Яндекс.Метрика