23413524

Ғылыми-әдістемелік семинар сәтті өтті

19 қыркүйек күні ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ШҚ лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ тілін оқыту: әдістеме, тәжірибе, инновация» атты облыстық ғылыми-әдістемелік семинар өткізілді. Аталған семинарға Өскемен қаласы және аудан тіл орталықтарының директорлары мен оқытушылары қатысты.

Семинар барысында «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ШҚО бойынша ПҚ БАИ Білім беру сапасы  мен басқару кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Сейлхан Айгүл Қауатайқызы «Қазақ тілін заманауи жаңаша форматта оқытудағы мәселелер» тақырыбында дәріс-диалог өткізсе, Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, тренер Сапарғалиева Анар Сергазиновна   «Тілдік дағдыларды меңгертудегі тиімді стратегиялар» тақырыбында, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы ШҚО бойынша филиалының ассистенті, педагогика ғылымдарының магистрі Берекполова Гульфия Октябревна «Ересектерді оқытудағы психологиялық тренингтерді өткізудің тиімділігі» тақырыбында тренингтер өткізді.  Семинардың екінші бөлімінде Бесқарағай ауданы тілдерді оқыту орталығының директоры, биылғы облыстық «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» байқауының жеңімпазы Аменова Айнаш  жоғары деңгей тыңдаушыларын оқытудағы интерактивті әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалана білсе, ШҚ лингвистикалық орталығының оқытушысы Иманкенова Жансая  базалақ деңгей тіл үйренушілеріне қазақ тілін оқытудың белсенді әдіс-тәсілдерін қолданып, мастер-класс көрсетті.

Аудан, қала оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары ересектерге қазақ тілін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйрене отырып, тренингтерге белсене қатысты. Семинар сертификаттарды тапсыру рәсімімен аяқталды.

Яндекс.Метрика