«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗДІК СИМВОЛЫ» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Previous Next

2026 жылғы 8 шілде күні Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» облыстық байқауы өткізілді.

Байқаудың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерін анықтау және қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру.

Байқауға облыстың қала және аудан кезеңдерінен іріктеуден өткен, мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері қатысты. Қатысушылар қазақ тілін меңгеру деңгейін, шығармашылық қабілеттерін, ұлттық мәдениетке деген құрметін және көпшілік алдында сөйлеу шеберлігін көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша:

- Бас жүлде – Масленкова Юлия Николаевна, Шемонаиха ауданы, «Артемьев» өндірістік кешені «Шығыстүстімет» ЖШС ақпараттық технологиялар бөлімінің операторы;
- І орын – Искакова Альфия Хаккимулаевна, Ұлан ауданы, Тоқтаров атындағы мектеп-балабақша кешенінің тәрбиешісі;
- ІІ орын – Калымбекова Ксения Алексеевна, Катонқарағай ауданының жеке кәсіпкері;
- ІІІ орын – Ошкалова Оксана Николаевна, Шығыс Қазақстан облыстық музей-қорығының қызметкері.

Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен және жүлде қоры есебінен қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Аталған байқау мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыруға, этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын күшейтуге және тіл арқылы қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған маңызды іс-шаралардың бірі болды.

Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы барлық қатысушыларға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, жеңімпаздарды шын жүректен құттықтайды!