Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы
Ресми интернет-ресурс

Қазақстан халқы тілдері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Қазақстан халқы тілдері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

2026 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы тіл саясатының маңыздылығын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін қалыптастыру және көптілділікті дамыту бағытында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегін дәріптеу.

Салтанатты жиында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары С. Манапов құттықтау сөз сөйлеп, қызметкерлерді Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтады. Ол мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және тіл мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүрген Департамент қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Мемлекеттік тіл саясатын іске асыруға белсенді атсалысып, тіл үйрету және әдістемелік қолдау көрсетіп келе жатқан Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ұжымына да ерекше ризашылығын білдіріп, бірқатар қызметкерлерге грамоталар мен алғысхаттар табыс етті.

Өз кезегінде Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының директоры А. Абзалова Департамент қызметкерлерін Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтап, мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін арттыру, тілдік құзыреттілікті жетілдіру және қызметтік ортада қазақ тілінің қолданысын кеңейту бағытындағы бірлескен жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ тіл саясатын жүзеге асырудағы өзара ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Іс-шара барысында тілге деген қызығушылықты арттыру және қызметкерлердің білімін шыңдау мақсатында Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының қызметкерлері әзірлеген «Кім білгір?» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Қатысушылар қазақ тілі, Қазақстан халқының тілдері, салт-дәстүрі мен мәдениеті бойынша түрлі тапсырмалар орындап, өз білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды.

Салтанатты іс-шара тіл – халықты біріктіретін, ұлттың рухани құндылықтары мен мәдени мұрасын сақтайтын маңызды құндылық екенін тағы бір мәрте айқындап, мазмұнды әрі көтеріңкі көңіл күйде өтті.

Пайдалы ресурстар

Записаться на прием